Елімізде Тұңғыш Президент күні аталып өтті

    Тәуелсіз қазақ елінің қалыптасуы, тарихымыздың түгенделіп, дініміз бен діліміздің оралуы 91-дің 1-ші желтоқсанына тиесілі. Дәл осы күні егемен ел ретінде бірінші рет жалпыхалықтық сайлау өткізіліп, нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Президент атанған. Биыл бесінші рет тойланып отырған «тұңғыш Президент күні» мерекесін тойлау Алматы қаласының аудандарында басталып кетті.
    Тұңғыш Президент күні мерекесіне Алматының белді жоғарғы оқу орындарының дайындығы ерекше. Білім ошағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі ең айтулы кезеңдерінен сыр шертетін кітап көрмесін ұйымдастырды. Мұнда 150-ден аса басылым ұсынылған. Көрмеге қойылған туындылардан Елбасы мен халықтың егіз ұғым екендігін байқауға болады.
    «Елбасының кітаптарына келер болсақ, ең алғашқы кітабы 1985 жылдан басталады екен. Соңғысы кеше ғана алдық. 2015 жылмен аяқталады. 2001 жылдан бастап тәуелсіздік алған жылдардан бастап, хроника түрінде шығарылған, 1991 жылдан бастап қандай жағдай болды, тәуелсіздікке қалай жеттік. 2001 жылдан 2015 жылға дейін», - деді Қ.Сәтбаев атындағы ҚАЗҰТЗУ әдістемелік бөлімінің библиографы Рысалды БОЛЫСБЕКОВА.
    Ал, Алмалы ауданы атаулы мереке қарсаңында жастар форумын өткізді. Оған аудандағы барлық жастар қатысты. Олар мемлекет басшысының өмірі мен еңбегі, шығармашылық жолы баяндалатын көрмемен танысты.
    «Жалпы Алмалы ауданында жоғарғы оқу орындары көп шоғырланған. Алматы қаласының 5/1 студенті осы біздің ауданда оқиды. Сондықтан елбасы, президент күніне орай, біз жастар форумын өтикізіп жатырмыз», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Жасұлан ЕСТЕНОВ.
    Жетісу ауданында өткен шараға қоғам қайраткерлері, түрлі сала қызметкерлері шақыртылған. Олар үшін фотосурет және кітап көрмесінде Президент тұлғасының сан түрлі қырларын көрсететін қызықты және тосын суреттер қойылған. Әсіресе Елбасының ой-толғау үстіндегі, қазақстандық жастармен, қала және ауыл еңбеккерлерімен кездескен қуанышты сәттері, сондай-ақ белгілі суретшілердің портреттік еңбектері жұрт көңілінен шықты. Сондай-ақ елбасы туралы дайындалған деректі фильм көрсетілді.
    «Бүкіл Қазақстан халқына да, шетелдік азаматтарға да бұл фильмді көрген адам біздің президентіміздің қандай президент екенін, саясаткер екенін, қандай басшы екенін осы фильмнен көруге болады», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанат МҰРЫНОВА.
    Ғасырға бергісіз жиырма бес жылда қазақ деген ұлтты күллі әлем мойындады, тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Төрткүл дүниемен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, шекарасын айқындады. Бүгінде әлемнің сақа саясаткерлері Қазақ елінің ширек ғасырдағы жеткен жетістігіне тамсана қарайды.

Алматы қ., 02.12.2016, «Алматы» телеарнасы, http://www.almaty.tv/kz/news/news/v-almaty-predstavleny-redkie-fotografii-glavy-gosudarstva
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев

Болашақ