Қазақстан тарихы және әлеуметтік - гуманитарлық пәндер

 

Кафедра тарихы

     Қазақстанның тәуелсіз дамуының тарихи кезеңінде Қазақ техникалық университетінің ұжымы өзінің ерен еңбегімен Қазақстан Республикасының болашақта экономикалық, индустриалдық өркендеуінің ірге тасын қалауға қатынасып, Қазасқтанның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануына қызмет етіп келеді.
     Осынау жауапты да ұлағатты еңбекте «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы оқытушыларының да өзіндік үлесі бар.

     Кафедра оқытушылары өздерінің қызметі барысында студенттерді өмірдің нақты болмысында дұрыс бағдар алуға үйретіп келді және үйретіп келуде, олар студенттерді тарих тұңғиығына жетеліп, даналық әлемінің даналары мен данышпандарының фәлсәфасымен таныстырады, сондай-ақ саясаттың сарабдал сардарлары мен сарбаздарының іс - әрекеттеріне талдау жасай отырып, қоғамдық – саяси үрдістерді сараптауды үйретеді. Тарих тұңғиығына сүңгу, даналар фәлсәфәсымен танысу, саясат сырларын сараптау студенттердің дүниетанымы мен көзқарасын қалыптастырады, сондай-ақ оларға жоғары кәсіби біліктілікпен бір қатарда, білгір басшы, білімді ұйымдастырушы, талғамы терең ұлағатты да мәдениетті азамат болудың абзал екендігін ұқтырады.
     Басшылық жасау үшін инженерге тек қана өндірістік циклді білу жеткіліксіз, ол жоғары ізгілікті, адамгершілікті қасиеттерді меңгеруі керек, оның бойында парыз бен тапсырылған іске деген жауапкершілік сезімі орныққан болуы қажет, ол сондай-ақ өз елінің патриоты болып, жұмысшыларды адал да мінсіз еңбек етуге жұмылдыра алуы тиіс.
     Кафедра тарихи кезеңдермен атап өтілген күрделі де сындарлы қалыптасып даму жолынан өтті.
     Жалпы кафедра тарихын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.
     Бірінші кезең - 1934 жылдың 22 қыркүйегі, Қазақ тау-кен – металлургия институты құрылған күннен бастайды. Сол тұста кафедра «Марксизм – ленинизм негіздері» деп аталды. Осы атаумен кафедра 1960 жылдың 8 мамырында Қазақ тау-кен – металлургия инститтуты Қазақ политехникалық институты болып өзгертілгенге дейін қызмет етті.
     Келесі кезең – 1960 жылдан бастап 1995 жылға дейін жалғасты. 1960 жылдан кафедра: «КОКП тарихы», «Маркстік – лениндік философия» және «Ғылыми коммунизм» кафедралары болып бөлінді.
     Кафедраның оқытушылар құрамының ғылыми – зерттеулік дәстүрлері мен ұзтаздық қызметтің негізгі бағыттары кафедрада қызмет еткен даңқты ғалымдардың ықпалымен қалыптасып, дамыды.
     «Марксизм – ленинизм негіздері» кафедрасының құрылуы мен қалыптасуының бастауында әйгілі «Мәскеу Қызыл профессорлар университетінің» түлегі, тарих ғылымдарының кандидаты Михаил Дмитриевич Исаев тұрды.
     Алғашқы жылдарда кафедрада шағын ұжым қызмет етті: кафедраның негізгі жүгін Исаев М.Д., Оринич М.В., Зильбершмидт М.Е., Островская М.И., Селеменова Л.Я. және т.б. көтерді.
     Мамандарды философиялық тұрғыдан даярлау міндетін кафедра оқытушылары: кеңес беру және кандидаттық емтихандарды қабылдау бойынша философия ғылымдарының кандидаттары Кішібеков Д.К., Потапский П.Ф., Аимбетова Е.И.; ғылыми шолу дәрістерін оқу мен кеңес беру бойынша ф.ғ.к. Аимбетова Е.И., ҰОС –на қатысушылар аға оқытушы Розенберг Ц.Р. және ф.ғ.к., доц. Ұлыбаев А.У. атқарды.
     Өткен ғасырдың 50 –ші – 60 – шы жылдарының басында Қазақ тау-кен – металлургия, кейіннен политехникалық инститтуына жас мамандардың үлкен шоғарының келуі жүзеге асты. Аталған жылдарда кафедра сол дәуірдің жарқын тұлғалары болған: П.Ф.Потапский, К.Б.Бейсембаев, Г.Н.Нарожный, К.Е.Тайбеков, А.У.Ұлыбаев, Е.И. Аимбетова, Т. Абилов, В. Жизневский, Б.И.Удальцов, В.И.Сиволобов және Г.Г.Бычков сынды ұстаздармен толықты.
     Әр жылдарда кафедраны доцент И.Д. Исаев, профессорлар: О.М. Малыбаев, А.Е. Ержанов, К.Ж. Беляевтер жемісті басқарды.
     «Философия» кафедрасының тұңғыш меңгерушісі философия ғылымының доқторы, профессор К.Б. Бейсембиев болды.
     «Философия» кафедрасын 1964 жылдан бастап 1995 жылға дейін ҚР ҰҒА-ның академигі, философия ғылымының докторы, профессор Кішібеков Досмұхаммед Кішібекұлы басқарып келді.
     1967 жылы университет тарихы «Ғылыми коммунизм» кафедрасының құрылуы және оның алғашқы меңгерушісі профессор Зұлқайнар Исмағұлұлы Имағұловпен ерекшеленді.
     Профессор З.И.Исмағұловтан соң «Ғылыми коммунизм» кафедрасын әр жылдарда доцент Р.Н. Исатаев және профессор Т.С. Сарсенбаев, Ұ.Е. Сыдықовтар басқарды.
     1984 жылы құрылған құқық кафедрасын профессор К.Н. Наменгенов басқарды.
     Кафедра тарихының үшінші кезеңі «Қазақстан тарихы», «Философия», «Саясаттану және құқық» секцияларын біріктірген «Қоғамдық пәндер» кафедрасы құрылған 1995 жылдан басталады.
     1996 жылдан 2000 жылға дейін қоғамдық пәндер кафедрасының ұжымын қазіргі күнде Қаз ҰТУ - дың оқу-тәрбие жұмыстары бойынша проректоры философия ғылымының докторы, профессор Сыдықов Ұлықпан Есілханұлы басқарды.
     2000 жылдың маусымынан 2002 жылға дейін кафедраға профессор Кенебаев Г.Ж. жетекшілік етті.
     2002 - 2003 жылдар аралығында кафедраға жетекшлікті саясат ғылымдарының докторы, профессор Машан Мейржан Серікұлы атқарды.
     2003 жылдың қарашасынан бастап 2004 жылдың тамызына дейін қоғамдық пәндер кафедрасына Роза Мағауияқызы Мәжиденова меңгерушілік етті.
      2004 жылдың тамызынан 2008 жылдың қазанына дейін кафедра меңгерушісі қызметін профессор Зайниева Лилия Юсуповна атқарды.
     2008 жылдың қазан айынан 2011 жылдың қазанына дейін профессор Кәмилә Қасымқызы Чатыбекова кафедраға жетекшілік етті.
     2011 жылдан бастап, қазіргі уақытта кафедраны философия ғылымдарының докторы Камилаш Кабсаматқызы Бегалинова басқаруда.
     2013 жылдың 30 маусымынан бастап ұжым «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы аталады.
     Бүгінде кафедра республикадағы техникалық жоғарғы оқу орындарының ішінде қоғамдық пәндерді оқыту үрдісі бойынша негізгі кафедра мәртебесіне ие.
     Кафедраны үш секция құрайды: «Қазақстан тарихы», «Философия», «Саясаттану және құқық».
     Қазіргі уақытта кафедрада 9 ғылым докторы, профессорлар, 21 ғылым кандидаты, доценттер, 19 аға оқытушылар мен 13 ғылыми дәрежесіз оқытушылар қызмет етуде.
     Кафедра оқытушылары: «Қазақстан тарихы», «Ғылым тарихы және философиясы», «Саясаттану», «Философия», «Құқық негіздері», «Мәдениеттану», «Әлеуметтану», «Инженерлік қызметтің педагогикасы және психологиясы», «Өзін өзі тану» пәндерінен сабақ жүргізеді.
     Кафедрада оқулықтар мен оқу құралдары және монографиялар даярланып жарыққа шығуда.
     Жарыққа шыққан оқу-әдістемелік жұмыстар:
     - «Өтпелі қоғамдық қатынастар» авторы Кішібеков Д.К.,
     - Д.К. Кішібековтың үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы,
     - «Көшпелі қоғам: бастаулары, дамуы және құлдырауы» автор Кішібеков Д.К.,
     - «Қазақстан. Өтпелі кезең. Мәселелер және қиындықтар» автор Кішібеков Д.К.,
     - қазақ тіліндегі «Философия» оқулығы авторы Кішібеков Д.К., Сыдықов Ұ.Е.,
     - «Тарих философиясы және қазіргі кезең» авторы Кішібеков Д.К.,
     - «Тіл мен жазу: Дыбыстық – таңбалық жүйелердің трансформациялануы» авторы Кішібеков Д.К.,
     - «Инженерлік қызметтің социологиясы» авторы Сыдықов Ұ.Е.,
     - «Қазақстан Жоғары мектебі – Высшая школа Казахстана» авторы Сыдықов Ұ.Е., А.Мұқашева, А.Омарова,
     - «Саясаттану» авторы Сыдықов Ұ.Е.,
     - орыс тілінде «Саясаттану» авторы Кенебаев Г.Ж.,
     - «Мәдениеттану» авторы Кенебаев Г.Ж., Котошева Г.К.,
     - Мемлекеттік жастар саясаты: Қазақстан әлемдік тәжірибе аясында» монография авторы Зайниева Л.Ю.,
     - орыс тілінде «Инженерлік қызметтің социологиясы» авторы Сыдықов Ұ.Е., Розенберг Ц.Р.,
     - «Этнос біртұтас жүйе ретінде» монография авторы Котошева Г.К.,
     - қазақ және орыс тілдерінде «Құқық негіздері» оқулығы авторы Сыдықов Ұ.Е., Оспанов Қ.И.,
     «Отарсыздану ұлт тарихынан басталады»,«Тұғыры биік тұлғалар», «Қайраткер Ыдырыс Мұстамбайұлы» атты монографиялардың авторы доцент Салқынбек Д.И.
     - қазақ тіліндегі «Философия&r aquo; оқулығы авторы Аденов С.Т., Жанатаев Д.Ж., Котошева Г.К., Қожамқұл А.Х., Күдерина А.Н.,
     - қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Даңқты азербайжан ойшылдары Низами, Насими, Физулилердің рухани мұрасы» авторы Бегалинова К.К., Салахов В.К., Нұрғалым К.С. Оқу құралы «Қазақстандағы саяси билік: модернизациялану процесіне салыстырмалы талдау» Алматы., 2013 ж.
    Кафедра оқытушылары электрондық оқулықтар құрастыру үрдісіне белсене қатысып, бірнеше электрондық оқулықтар құрастырды:
     - мәдениеттану бойынша электрондық оқулық авторы Мәжиденова Р.М., Мендыбаев С.К.,
     - инженерлік еңбектің социологиясы бойынша электрондық оқулық авторы Сыдықов Ұ.Е., Розенберг Ц.Р.,
     - саясаттану бойынша электрондық оқулық авторы Кенебаев Г.Ж., Сырлыбаева Р.Н.,
     - педагогика және психология бойынша электрондық оқулық авторы Бөпебаева Р.Т., Әбдиева Ғ.И.,
     - Қазақстан тарихы бойынша техникалық ЖОО студенттеріне арналған электрондық оқулық авторы Чатыбекова К.К.
     Кафедра оқытушылары докторлық және кандидаттық диссертациялар бойынша ресми оппонент ретінде мәлімдемелр жасайды және ғылыми еңбектерге пікірлер жазады. Сондай-ақ кафедра оқытушылары СҒЗЖ жетекшілік етеді және жыл сайынғы студенттердің ғылыми – теориялық конференцияларын өткізеді. Кафедра оқытушылары алыс шет елден келген қазақ диаспорасының өкілдерінен аспиранттар мен магистранттар даярлауға белсене қатысты. Атап айтатын болсақ ҚХР келген Қалиоллаұлы Дәрмен кафедра жанындағы магистратураны үздік бітіріп, бүгінгі күнде Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Евразия университетінің халықаралық қатынастар кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етуде. Кафедра жанындағы магистратураны Ливия Араб Жамаһариясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рамадан Әл – Жәди мырза да бітіріп шықты.
     Кафедраның жас оқытушылары халықаралық жазғы мектептердің жұмыстарына белсене қатысады.
     Кафедра базасында Жас ғалымдардың Халықаралық ғылыми – техникалық конференциясының «Қазақстан жағдайында гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардың өзекті мәселелері» секциясы өз жұмысын жемісті жүргізіп шықты. Халықаралық конференцияларға қатысу кафедраның халықаралық байланыстарын дамытудағы маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
     Студенттермен тәрбие жұмыстарын жүргізу өзінің көлемінің ауқымдылығымен ерекшеленеді. Тәрбие жұмысын жемісті жүргізуге «Дилемма» саяси клубы, тұрақты түрде жұмыс істейтін «Мұрагер» тарихи-танымдық және тәрбиелік клубы, эстетикалық – танымдық «Ғибарт» клубы белсенді түрде ат салысып келуде. Кафедра жанында университет студенттері мен оқытушыларына арналған заң кеңесі тұрақты түрде жұмыс істейді.
     Оқу үрдісін қамтамасыз етуде оқу кабинеттерінің рөлі айрықша мәнді болып отыр, олар студенттерге қажетті әдебиеттерді пайдалануға көмектесіп келуде. Кафедра оқытушылары халықаралық, республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға жүйелі түрде ұйымдастырушылар ретінде қатынасып келеді.
     Кафедра Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Р. Сулейменов атындағы шығыстану институтымен, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазПУ –нің гуманитарлық факультеттерімен және т.б. Қазақстандық ЖОО-мен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан.
     Кафедра мамандар даярлауда ұрпақ жалғастығын үйлесімді сақтап отырған ұжым. Соңғы жылдарда мемлекеттік сатандарттар мен типтік бағдарламалар елеулі түрде өзгеріске түсті, мамандықтар түрлері артты, жұмыс көрсеткішінің жаңа тәсілдері пайда болды. Тек жұмысқа жауапкершілікпен қарау, күнделікті қызметіңе шығармашылық шабытпен кірісу сезімі ғана өзгерген жоқ.
     Бүгінгі күнде қоғамдық пәндер кафедрасы университеттің орасан зор ұжымымен бірге Қ.И. Сәтбаев атындағы Қаз ҰТУ –дың түлектерінің дипломдары халықаралық еңбек нарығында өзінің әділ бағасын алып, мойындалуы үшін барлық күш – жігерлерін салып еңбектенуде.

Болашақ