Математикa

«Математика» кафедрасы

     Кафедраның тарихы 1934 жылы Кен-металлургия институтының ашылуына тікелей байланысты. Алғаш «Жоғары математика және теориялық механика» кафедрасы деп аталды. Оның алғашқы меңгерушісі 1934-1935 жылдары Воловик Владимир Иванович болды.
     1935 жылы кафедраны Томск политехникалық институтының түлегі Ермеков Әлімхан басқарды.
     1937-1941 және 1943-1952 ж. кафедраны доцент Н.С. Старков басқарды. 1941-1943 жылдары кафедраны белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Н.И.Ахиезер басқарды.
     1952-1962 ж. профессор С.И.Горшин; 1962-1972 ж. – доцент О.М.Хаймулдин, 1972-1979 ж. доцент У.К.Калижанов басқарды. 1979-1995 ж. кафедраны профессор Е.М.Хайруллин басқарды.
     1995 жылы «Жоғары математика» және «Қолданбалы математика» болып екі кафедраға бөлінді. «Жоғары математика» кафедрасына меңгеруші болып физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.С.Сақабеков сайланды. Осы жылдары кафедра «Пәнаралық қолданбалы математика» мамандықтарын даярлайтын статусқа ие болды. 2001 жылдан бастап кафедра аспиранттар ал, 510250 – «Қолданбалы математика және информатика»мамандығы бойынша магистранттар дайындау сатысына көтерілді.
     2000 жылдың шілде айында университеттің жаңа құрылымына сәйкес, екі кафедра қайтадан қосылып, әл-Машани атындағы Жаратылыстану гуманитарлық институты құрамында «Математика» кафедрасы болып өзгертілді. Оның меңгерушісі болып физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.С.Сақабеков тағайындалды.
     2002 жылдың наурыз айынан кафедра меңгерушісі болып, АҚШ-тағы Нью-Йорк ғылым академиясы мен математика қоғамының мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ә.Б.Тұнғатаров сайланды.
     2004 жылдың қыркүйегінен кафедраны физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы , профессор О.С.Сатыбалдиев басқарады. Профессор О.С.Сатыбалдиев – жүз отыздан астам ғылыми еңбектің, оқулық пен оқу-әдістемелік құралдың авторы. Оның ішінде екі монография, отыздан астам оқулық пен оқу құралы жарық көрген.
     Бүгінгі таңда кафедрада 35 оқытушы қызмет атқарады. Кафедра құрамында: 3 ғылым докторы, профессорлар; 4 ғылым кандидаты , ҚазҰТУ профессорлары; 16 ғылым кандидаты, доценттер; 1 ғылым кандидат, аға мұғалімдер; 8 аға оқытушы; 3 оқытушы; 4 инженер жұмыс істейді.
     Кафедра мүшелерінің күшімен қазақ және орыс тілдерінде жүзден аса оқулық, оқу-әдістемелік нұсқаулар дайындалды. Мемлекеттік тілдегі алғашқы оқулықтар жазуда профессорлар Е.Т. Божанов, О.С.Сатыбалдиев, С.Б.Әубәкір, Е.М.Хайруллин, Е.Ж.Айдос, К.А.Хасеинов және доценттер З.И. Сүлейменов, Г.А. Тулешева, Ә.М. Ибраимқұлов, Ү.Б.Жаңбырбаеваны мақтанышпен атауға болады.
     Ғылым докторлары, профессорлар О.С.Сатыбалдиев, Ж.О.Отарбаев және ғылым кандидаттары, ҚазҰТУ профессорлары Е.Ж.Айдос, Е.Ә.Қасымов, Қ.А.Хасейнов, Е.М.Хайруллин 2005-2010 жылдардың «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атанып, мемлекеттік грантты жеңіп алды.
     Соңғы жылдары кафедра мүшелерінің күшімен жаңа ғылыми нәтижелердің алғанын ерекше атаған жөн. Оған профессорлар Сатыбалдиев О.С., Хайруллин Е.М., Отарбаев Ж.О., Божанов Е.Т., доценттер Ә.Т.Жүнісов, А.М.Ибраимқұлов және жас оқытушылар Ысқақова Ә.Б:, Әкімжанова Ш.А., Тұрсынбекова Б.С., Мекебай Н.А. зор үлес қосты.
     «Математика» кафедрасы 01.01.02 – дифференциялдық және математикалық физика теңдеулері мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық дәреже беру жөнінде жетекші мекеме.
     2002 жылдан кафедра 510230 – «Қолданбалы математика және информатика» мамандығы бойынша бакалаврлар, магистрлер даярлады.
     2007 жылы кафедра жанынан 050705 – «Компьютерлік және математикалық модельдеу» мамандығы, ал 2008 жылы бұл мамандық бойынша магистратура бөлімі ашылды.

 

     Кафедраның жанында оқу зертханасы жұмыс істейді. Оның құрамында: компьютерлік класс, компьютерлік зертхана бар.
Болашақ