Ақпараттық технологиялар кафедрасы

Кафедра ИТ

Кафедра 1971 жылы Автоматтандырылған басқару жүйелері (АБЖ) және Электрондық-есептеу машиналары (ЭЕМ) мамандықтары бойынша ашылған. Оның тұңғыш меңгерушісі 1971 - 1989 жылдар аралығында, қазіргі ҚР ҰҒА академигі, еңбегі сіңген ғылым қайраткері, техникалық ғылымдар докторы, профессор А.А.Ашимов болды. Кафедраның негізін Мәскеу және Ленинград жоғары оқу орындарының жас түлектері мен аспиранттары қалады.

 

Информационные технологии

 

Кафедра алғашқы жылдардан бастап ҚазПТИ-дің алдыңғы қатарлы ұжымдарының бірі болды. Ғылыми зерттеулерді жүргізуден айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Осында А.А. Ашимовтың басшылығымен түрлі-түсті металлургиядағы, техникалық кибернетикадағы және ақпараттық технологиялардағы автоматтандырылған басқару жүйелерінің теориялық негіздерін, модельдерін, әдістерін құру бойынша Қазақ ғылым мектебі құрылды. Кафедра қызметкерлері Өскемен қорғасын-мырыш комбинатындағы, Шымкент қорғасын зауытындағы, Балқаш тау-металлуургия комбинатындағы, Актюбрентгендегі, Актюбсельмаштағы және республикамыздың басқа да ірі нысандарындағы алғашқы автоматтандырылған басқару жүйелерін жасауға қатысқан. Кафедра ұжымы 27 халықаралық және бүкіл кеңестік ғылыми конференция өткізді, 20-дан астам монография, 30-дан астам ғылыми еңбек басып шығарды. Кафедрада оқу үрдісінің әдістемелік қамтамасын жасауға көп көңіл бөлінеді. Кафедра оқытушылары 100-ден астам оқулық пен оқу құралын басып шығарды. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы Қазақстан Республикасының барлық компьютерлік мамандықтары бойынша жоғары білім берудің Мемлекеттік стандарттарының авторлары болып табылады.

Бұған кафедраның ғылыми-әдістемелік тәжірибесі, беделі және жақсы дамыған техникалық базасы септігін тигізді. Осы базаны құруда 1989 – 1994 ж.ж. кафедраның меңгерушісі, профессор К.С. Сағынғалиевтің сіңірген еңбегі зор болды.

Кафедра жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау ісіне де үлкен үлес қосып келеді. Кафедра профессорлары А.А. Ашимовтың, К.Ш. Асаубаевтың, Б.А. Джапаровтың, Г.З. Қазиевтің, Ж.Н. Ниеталиннің, К.С. Сағынғалиевтің, У.А. Тукеевтің, Д.Н. Шоқаевтың, доценттері Ш.И. Жарболовтың, Б.И. Жұмағалиевтің, М.М. Медетовтың және т.б. жетекшілігімен 15 докторлық және 80-нен астам кандидаттық диссертация қорғалды.

1994-1999 және 2002-2012 ж.ж. кафедраның меңгерушісі,  1997-2010 ж.ж. 05.13.01 – Ақпаратты басқару және өңдеуді жүйелік талдау, 05.13.06 – Технологиялық процестер мен өндірісті автоматтандыру және басқару және 05.13.10 – Әлеуметтік экономикалық жүйелердегі басқару мамандықтары бойынша докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша ҚР БҒМ бірлескен диссертациялық кеңесінің төрағасы профессор Д.Н. Шоқаев  болды.

Кафедраның ең басты мақтанышы – оның түлектері, олардың саны үш мыңнан асады. Осы кафедрадан оқу орындары мен ғылыми ұйымдар басшылары, облыстар мен ірі қалалардың әкімдері, ұлттық агенттіктер мен комитеттердің басшылары шықты.

Кафедра әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері мен ғылыми орталықтарымен белсенді жұмыс істейді: Ресей ғылым Академиясының Басқару проблемалары институтымен бірге республика экономикасын параметрлік реттеу бойынша ірі ғылыми бағдарлама жүзеге асырылуда. Нью-Йорк университетінің, Нью-Мексика штаты Университетінің, Оттава университетінің профессорлары бізідң Ph.D докторларымызды даярлауға қатысуда.

Информационные технологии

Ақпараттық технологиялар кафедрасының ұжымы

 

2012 жылғы қыркүйектен бастап кафедра меңгерушісі болып техника ғылымдарының кандидаты, доцент Л.Ш. Балғабаева тағайындалды. Оның басшылығымен Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының 50-жылдығына арналған «Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар: білім, ғылым, тәжірибе» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды (2012 ж. 5-6 желтоқсан). Конференцияға Қазақстан, таяу және алыс шетел ғалымдары, соның ішінде Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының түлектері, ҚазҰТУ және ҚР басқа да алдыңғы қатарлы ЖОО қызметкерлері қатысты.

Болашақ