Онлайн оқу оңайлады

    Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың мүмкіндігі шектеусіз. Шаруа тындыру үшін ат арытып, адам сабылтудың енді қажеті болмай қалды. Бұл – білім саласына да қатысты. Мәселен, әлемге әйгілі университеттер де онлайн-емтихандар арқылы студент қабылдауды, бейне-дәрістер жүргізуді баяғыда жүзеге асырған.
    Біздің елімізде де бұл үрдісті кіріктіруге мүдделі бастамашыл ұйымдар бар. Алматы қаласында онлайн-білім берудің келешегіне арналған дөңгелек үстел өтті. Ойласу тұрғысында өткен басқосуға «WikiBilim» қоғамдық қорының өкілдері, белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері және сарапшылар қатысты.
    Жиын барысында «WikiBilim» қоғамдық қоры «Қазақстанның ашық университеті» жобасын қолға алатынын мәлімдеді. Жоба аясында қазақстандық ғалымдардың бейнелекцияларын түсіріп, оларды Интернет арқылы еркін тарату көзделген. Жобаның алғашқы кезеңінде телекоммуникация, бизнес және ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша курс­тар әзірленеді. Қазірге Қ.Сəтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Almaty Management University, Сүлеймен Демирел университеті мен Математика және математикалық модельдеу институты жобаға әріптес ретінде қатысатыны белгілі болып отыр.
    Жобаның алғашқы лекторы болуға келіскен белгілі академик Асқар Жұмаділдаев игі бастамаға сәттілік тілеп, әзірленетін материалдардың сапасына мұқият көңіл бөлу керектігін айта келе: «Бастаманы қолға алып отырған жастарға алғыс айтамын! Біздің қоғамға өте қажет жоба. Сондықтан, «Қазақстанның ашық университеті» жобасын қолдаймын және қолымнан келгенше үлесімді қосуға дайынмын. Бейнелекциялар әлемде кеңінен таралған, алайда, осындай форматтағы сапалы жасалған қазақ тіліндегі материалдар жоқ», – деді.
    Бұл бастаманың уақыт үнемдеуде өте тиімді әрі ыңғайлы екенін халықаралық стандартта білім беріп отырған жоғары оқу орындары қолдайды. Мәселен, Қазақ-Британ технологиялық университетінің проректоры Тимур Умаров мұндай жобалардың көмегімен жастарымыздың интеллектуалды деңгейін көтеруге болатынын жеткізді. «ҚБТУ бұл жобаны толығымен қолдайды. Біз жобаны жүзеге асыру үшін өзіміздің базамызды беруге және осы күнге дейін жинаған тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз» деді Тимур Умаров.
    Дегенмен, осы арада аталмыш жобаны жүзеге асырудың техникалық тұрғыдағы кілтипандары бар. Сондықтан, онлайн-білім беруді енгізуге «Кселл» компаниясы қатысады. Ұялы оператор жобаға әрі бір бастамашы әрі демеуші ретінде мүдделілік танытып отыр.
    Жиынға қатысушылардың сөзіне қарағанда, онлайн дәрістерді түсіру және оларды еркін тарату соңғы жылдары қарқынмен дамып келеді. Мұндай форматтағы дәрістер Бұқаралық ашық онлайн курс­тар деп аталады. Бүгінгі күні әлемде шамамен 5000-нан аса дәріс Интернет арқылы қолжетімді. Алайда, олардың көп бөлігі ағылшын тілінде. Қазақ тілінде және Қазақстанға қатысты курстар жоқтың қасы деу­ге болады.
    Жоба авторларының айтуынша, бірінші кезеңдегі лекциялардың 80 пайызы қазақ тілінде болады және алдағы уақытта «Қазақстанның ашық университеті» ұсынатын курстардың саны мен бағыттары көбейе түседі. «Алғашқы кезеңде телекоммуникация, бизнес және ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша курстар әзірленеді. Алайда, біздің платформамыз ұсынатын курстардың саны мен әр алуандығын арттырып отырамыз. Сондай-ақ, біз жобамызға қатысатын жоғары оқу орындарының санын да көбейтуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, біз қазақстандық жастардың өз білімін жетілдіруге қажет барлық сабақтарды өз порталымыз арқылы тегін ұсынғымыз келеді. Әрі бұл жоба отандық ғылымның дамуына өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді «WikiBilm» қорының президенті Нұрбек Матжани.
    Портал Гарвард университеті мен Массачусетс тех­нологиялық институты әзірлеген Open edX ­плат­формасының негізінде жасалып, Бұқаралық а­шық онлайн курстарға қажет барлық заманауи функционалға ие болады, дейді жоба авторлары.

Алматы қ., 24.11.2016, Егемен Қазақстан, egemen.kz/2016/11/24/77057
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ

Болашақ