Басты мақсат – инновациялық даму және бәсекеге қабілеттілік

Басты мақсат – инновациялық даму және бәсекеге қабілеттілік    Қазіргі ғаламдық даму көшіне ілесу үшін қай елдің де бәсекеге қабілетті болуы шарт. Бұл бірінші кезекте қоғамдық дамудың қозғаушы күші – ғылымның алға басуы мен мамандардың біліктілігіне байланысты. Яғни еліміздің бәсекеқабілеттілігін көтеруде жоғары мектепке жүктелер міндет үлкен, жауапкершілік салмақты. Осы тұрғыда техникалық білімнің қара шаңырағы – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеулер университетінің ректоры Е.Қ. БЕЙСЕМБЕТОВКЕ бірнеше сұрақтар қойған едік.
    – Ескендір Қалыбекұлы, елімізде жүргізіліп отырған экономиканы басқару жүйесін ұйымдастыруды нарықтық ұстанымдар негізінде қайта құру аясында жоғары білім саласында да түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда қолға алынған реформалардың техникалық жоғары білімге әкелер басты жаңалығы мен жақсылығы неде?
    – Қазақстанның инновациялық экономикасына мамандар даярлау экономика мен өнеркәсіптің барлық саласында түбегейлі өзгерістерге бетбұрыс жасалған жаһандық бәсекелестік жағдайында жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістер робот техникасы, био- және нанотехнологиялар, жасанды интеллект жүйелері, ақпараттық желілер мен интеграцияланған жоғары жылдамдықтағы көлік жүйелері дамуының негізінде орын алады. Бүгінде біздегі жоғары техникалық білім зымыран уақыт дамуынан кенже қалып отырғаны шындық. Ұсынылатын білім деңгейі мен техносаланың жоғары сұранысы арасындағы бұл алшақтық өндірісте жұмыс істеуден қорқатын мамандар даярлап шығаруға әкеледі. Ал, қашандағыдай өндірістің өзегі – озық біліммен қаруланған, кәсіби даярлығы мықты инженерлер мен техник-мамандар болып қала бермек.

    Сондықтан бүгінде елімізде қолға алынған үде­мелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ла­­ма­сы­ның ауқымды жобаларын іске асыру үшін тех­никалық білімді, кәсіби біліктілігі мен машық­та­нуы жан-жақты, жаңа тұрпаттағы маман­дарға сұра­ныс аса жоғары болып отыр.
    Қазақстанның әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінуі мен еліміз экономикасының бәсекеге қабілет­тілік деңгейінің артуы өнеркәсіптің иннова­циялық даму тиімділігімен анықталады. Бұл өз кезегінде озық білім мен жаңа технологияларды өмірге әкелетін ғылыммен және өндіріспен жүйелі байланыстағы жоғары техникалық білім саласын жаңғыртуға байланысты. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарының әлеуеті білім беру қызметінің сапасымен ғана емес, еңбек адамын қалыптастыруға бағытталған «Білім – ғылым – инновация» интегра­циясының дамуымен де анықталады.
    Заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда еліміздің жаңа даму дәуіріндегі басты бағдары – «Қазақстан – 2050»: қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясын, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты бағдарламалық Жолдауын басшылыққа ала отырып, қазіргі таңда ҚазҰТЗУ-дың 2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған даму стратегиясы әзірленді. Ұлт жоспарында ғылым мен білім саласы алдына қойылған міндеттерге орай онда адам капиталы сапасын Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы елдерінің өлшемдері негізінде көтеру (76-қадам), экономиканың негізгі алты саласы үшін жоғарыбілікті мамандар даярлау (77-қадам), жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кезең-кезеңмен кеңейту (78-қадам), бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және білім беру саласының экспорттық әлеуетін арттыру, оқыту жүйесінде ағылшын тілінде білім беруге біртіндеп көшу (79-қадам), ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру (64-қадам) мәселелері қамтылды. Қазіргі күні маман даярлаудың барлық деңгейінде білім беру үдерісі кешенді жаңғыртылып, білім берудің жаңа түрлері мен технологиялары енгізілді, студенттер құрамының сапасы жақсарып, олардың оқудан тыс уақыттағы жан-жақты дамуына жағдай жасалды.
    – Қазіргі әлем – шапшаң даму, жылдам өзгерістер үстінде. Осынау ғаламдық даму көшіне ілесу үшін қай елдің де бәсекеге қабілетті болуы шарт. Бұл, әрине, бірінші кезекте қоғамдық дамудың қозғаушы күші – ғылымның алға басуы мен мамандардың біліктілігіне байланысты. Яғни еліміздің бәсекеқабілеттілігін көтеруде жоғары мектепке жүктелер міндет салмақты. Осы тұрғыда техникалық білімнің қара шаңырағы – Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде атқарылар жұмыстарға, Қазақ-Британ университетімен бірігудің мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтсеңіз.
    – Екі ірі техникалық жоғары оқу орны – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ мен ҚБТУ бірігуі нәтижесінде Алматы қаласында еліміздегі ең ірі ғылыми-білім беру кластері құрылды. Материалдық-техникалық базасы аса қуатты ҚазҰТЗУ мен халықаралық тәжірибесі мықты ҚБТУ арасындағы бұл келісім екі университеттің де кемел дамуына жол ашары анық.
    Енді әр университеттің нақты айқындалған өз бағыты бар. Бұл ғылыми-білім беру кластерінің одан әрі дамуына мықты қозғау болмақ. Егер бірігуге дейін ҚБТУ-да үш негізгі: мұнай-газ және химия, бизнес пен экономика және IT-технологиялар бағыты болса, 2016 жылғы қыркүйек айынан бастап талапкерлерді қабылдау бірінші бағыт бойынша тек ҚазҰТЗУ-да, ал экономикалық және бизнес-мамандықтарға – тек ҚБТУ-да жүргізіледі. Осылайша, ҚБТУ екі бағытта мамандар даярлайтын болады. Бұл жерде жоғары оқу орындарының екеуі де өз алдына дербес заңды тұлғалар болып табылатындығын, сондықтан әрқайсысы өз дипломдарын беретінін атап өтуіміз керек.
    Қазір бізде ректорат, ғылыми кеңес, стратегия бір болғанымен, оқу бағдарламаларымыз – бөлек-бөлек. Бұған қарамастан, бөлімшелердің басшылары, сондай-ақ оқытушылар арасында өзара тәжірибе алмасу жөніндегі ынтымақтастық аса белсенді екендігін атап өткен жөн.
    – ҚазҰТЗУ бәсекелес университеттер арасында талантты талапкерлер таңдауы жағынан екінші бестіктен орын алады. Мықтылар таңдауына бірінші кезекте ілігуіңіз мүмкін бе?
    – Мен бұған сенімдімін, бұл үшін бізге біршама бағыттарда жедел даму қажет. Атап айтқанда, біріншіден, біздің өз ресурстарымызды пайдалануды жақсартуымыз, яғни бір-біріміздің жетістіктерімізді барынша пайдалануға қол жеткізуіміз керек.
    Әрбір институт, әрбір кафедра ғылымды дамыту және кадрлар дайындауда бір-біріне қиылысқан бағыттар бойынша ынтымақтастықты жолға қоюы тиіс.
    Екіншіден, ғылыми жобаларды институттардың қормен жарақтандырылуын арттыру арқылы жедел жаңғыртуымыз қажет. Біз министрліктер мен бизнестің, олар ғылымды қажет ететін өнімді импорттаушыларға ғана орналастырған, тапсырыстарын орындауға мүмкіндік беретін нәрсені ғана сатып алуға тиіспіз. Жыл сайын осылай жасау керек, сонда біз 3-5 жылдан кейін ғана басты назарды аудиториялық жұмыстан қолданбалы зерттеулер бағытына ауыстыра аламыз!
    Үшіншіден, біз ең алдымен маман даярлаудың барлық деңгейінде – бакалавриатта, магистратурада және докторантурада – болашақ түлектер жүзеге асыратын қолданбалы жобалар үшін қажет емес материалдардан құтылуымыз керек. Эволюциялық дамуды жеделдету үшін жыл сайын магистратурада жаңа бағдарламаларды енгізе отырып, ескіргендерінен бас тартуымыз керек. Барлық мамандық атаулының өзін, оның ішінде бакалавриатта да, жаңғыртуымыз қажет. Жоғары білікті мамандар даярлауда бізге салғырттыққа жол беруге болмайды.
    Ал, PhD докторларын даярлау тиімділігін арттыру үшін қажетті шарттардың қатарында ең алдымен әрбір кафедрада студент-жастарға заманымыздың озық ойы деңгейінде білім бере алатын, импакт-факторлы басылымдарда жарияланымдары мен ғылыми жобалары жарық көрген мықты профессорлық құрамның болуын атап айтар едім. Екінші, әрине, кафедрада докторантура бағыты бойынша мықты магистрлік бағдарламаның болуы шарт. Сонымен қатар, үшінші, институт қызметкерлері арасында докторантурада оқуға деген ынтасы күшті үміткерлер болуы тиіс. Осылайша, бұл тұрғыда біздің алдымызда тұрған міндет – таяудағы 3-5 жылдың ішінде әр институт үшін мықты шетелдік әріптестерімізбен өзара ынтымақтастық барысында жасалған арнайы магис­трлік бағдарламалар негізінде 50-ге тарта талантты магистрлер мен докторлар даярлап шығару болып табылады.
    – Еліміздегі үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасының табысты жүзеге асырылуы ғылым мен өндірістің байланысы қамтамасыз етілуіне тікелей тәуелді деуге болады. Осы орайда оқу ордасында жүргізілетін ғылыми зерттеулердің ел экономикасын ілгері апаруға қызмет етер тиімділігі қаншалық. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен кеніштер негізінен жекеменшіктің қолына өткен қазіргі таңда Сіз басқарып отырған университет ғалым­дарының өз зерттеулерін өндіріске енгізу мүм­кіндіктері қандай? Студенттердің оқу үдерісі барысында тек теориямен шектелмей, өз білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырып отыруы үшін іргелі компаниялармен қалыптасқан байланыстар бар ма?
    – ҚазҰТЗУ-да экономиканың басым секторла­ры бойынша 73 жоба іске асырылуда. Университетте жүзеге асырылған жобалардың нәтижелері ҮИИД МБ-ның 2015-2019 жылдарға арналған экономиканың инновациялық және басымдық бе­рілген салаларын ғылыми-технологиялық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндетте­рімен сәйкес келеді.
    «Circa 2011 халықаралық ғарыш станциясы» жобасына қатысты бағыт бойынша ғарыш платформасы, Жерге энергия беру және жерүсті кешендерін құру міндеттері қамтылған күн ғарыштық электр станциясы тұжырымдамасы әзірленді. Бұл жұмыстар Ресейдің «С.А.Лавочкин атындағы ғылыми-өнді­рістік бірлестік» федералдық кәсіпорнымен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуде.
    «ITER халықаралық термоядролық реактор» жобасына үлес қосу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығымен ынтымақтастық туралы келісім жасалып, термоядролық реактордың бірінші қабатына пайдаланылатын материал универ­ситеттің Суперкомпьютер орталығында модельдеу арқылы таңдалатын болды.

    Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ел экономикасының басым міндеттері қатарында екінші және кейінгі бесжылдықтар аясында ұтқыр және мультимедиялық, нано- және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия, болашақтың энергиясын іздеу және ашу салаларын қалыптастыру керектігі атап өтілді. Осы орайда университетте аталған жаңа салалардың басым көпшілігі бойынша инновациялық өнім шы­ғаратын тәжірибелік өндірістерді құруға негіз боларлық әзірлемелер мен технологиялар өмірге жолдама алды. Мәселен, университетте ұйымдар мен кәсіпорындардың тапсырыстары бойынша мультимедиялық сала өнімдеріне қатысты тех­никалық әзірлемелер табысты жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда инновациялық бір жоба коммерциялық қолдану сатысында деуге болады.
    Техникалық роботтар саласындағы зерттеулер нәтижесінде платформалық роботтың жұмыс тетігін құрудың жаңа сұлбасы жасалды. Әзірленген конструкторлық құжаттама мен жасалған тетіктер бүгінде дайындалу сатысында.
    Алтын мен күмістің нанобөлшектерін және вольфрамның наноұнтағын алу, алтынның нано­бөлшегін полимермен синтездеу әдістері, сондай-ақ өсімдік шикізаты негізінде алынған жаңа нано, микро- және ірікеуекті сорбенттер жаңа сала кәсіпорындарын құруға негіз болып табылады. Металдардың нанобөлшектері өндірісінің өнімдері өнеркәсіпте тиімді катализаторлар жасап шығаруға, ал наносорбенттер – медицинада пайдаланылуы мүмкін.
    Бүгінде наноқұрылымдалған керамикалық қорға­ныш жабындысымен алюминий қойыртпасын өн­діруді жолға қоюға мүмкіндік беретін зерттеме ком­мерциялық қолдану сатысына жеткізілді, сондай-ақ АҚШ-тың Даллас қаласындағы Техас нанотехнология институтымен бірлесіп мультиқатпарлы көмір­тегі нанотүтіктерін синтездеу технологиясы жасалды.
    «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында спутниктік байланыс кешенінің өнеркәсіптік үлгісін жасау жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру бойынша басты әріптес болып табылатын ND SatCom – неміс компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру ғарыштық технология саласында жоғарытехнологиялы өнім өндіруші кәсіпорынды құруға және «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің қатысушысы мәртебесіне ие болуға жол ашады.
    Биыл біз ҚазҰТЗУ-дың ғылыми-инновациялық қызметін өнеркәсіптік кәсіпорындар бағытымен үйлестіру мақсатында бірқатар кездесулер өткіздік. Университет ғалымдары жиырмаға тарта мұнай, тау-кен және агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарының өкілдерімен кездесіп, өндіріс орындарына іс-сапар­лар ұйымдастырылды. Осынау екіжақты ынты­мақ­­тастықтың нәтижесі жаман емес. Бүгінде өн­ді­­ріс­шілер бірқатар ғылыми жобаларымызды қар­жы­ландыруға әзір.
    – Экономикасы шикізаттық бағыттағы біздің еліміз алдында жаңа экономиканы құру, дайын тауарлар өндірісін дамыту міндеті тұр. Сан саланың инженер кадрларын, яғни қандай да болмасын мәселеге жан-жақты, терең мән беріп, шығармашылық түйсікпен қарайтын мамандар даярлайтын оқу ордасының жетекшісі ретінде мұнай бағасына тәуелсіз ұлттық экономиканы құру жолдарын қалай көресіз?
    – Президент Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Жа­пония парламентінде сөйлеген сөзінде бұл сұраққа толық жауап берді. «Біз ғылыми еңбек сіңіруді қажетсінетін салада өзара тиімді қарым-қатынасты дамытып, сіздің елдегі алдыңғы қатарлы технологияларды барынша жұмылдыруға тырысамыз. Жапондық компанияларды Қазақстанның Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы мен жекешелендіру мақсатындағы ауқымды іс-шара­ларды дамытуға атсалысуға шақырамыз. Екі ел арасындағы стратегиялық достық пен өзара түсіну­шілік біздің қарым-қатынасымыздың одан әрі нығаюына зор әсерін тигізеріне сенімдімін», – деді өз сөзінде Елбасы.
    Президенттің сөзінде айтылғандай, экономи­кадағы бәсекеге қабілеттілікті нығайту мен Қа­зақстанның әлемнің озық елдері қатарына енуі өнеркәсіптің инновациялық даму тиімділігімен анықталады. Ол өз кезегінде техникалық жоғары білім беру жүйесін жаңартып, қазіргі заманға сай технологияларды өндіріске ендіруші ғылыммен өзара тығыз байланыста екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарының әлеуеті тек көрсетілетін қызмет түрінен ғана емес, жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған «Білім – ғылым – инновация» атты үштік жүйенің дамуымен де анықталады.
    Мемлекеттік үдемелі индустриялды-иннова­ция­­­лық даму бағдарламасы жобаларын бәсекеге қа­бі­лет­ті мамандармен қамтамасыз ете отырып, Ин­но­вациялық жобаларды индустрияландыру картасы арқылы жоғары мектеп ғылымының белсенділігін арттыру керек. Ал, Қазақстан үшін үшінші индустриялды революция ретінде жаңа технологиялар мен «жасыл» экономика – энергетиканың басты көзі және экология жағынан таза өнімдер шығару мақсатында негізгі өлшем болып табылады. Ал, қазіргі заманға сай мамандарды дайындау инновациялық бағытқа арналған білім бағдарламаларына және жаңадан жабдықталған зертханаларда білім алуға негізделеді.
    Университет қызметінің басты мақсаты – дүниежүзілік кеңістікте қосымша құн салығы жоғары болатын өнім өндірудің технологиялық жүйесін қалыптастыру арқылы және «Ғылым–білім–өнеркәсіп» интеграциясын дамыту арқылы Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің базалық салалары мен оқу ордасының инновациялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
    ҚазҰТЗУ-дың тағы бір ерекшелігі – «зерттеулік және инновациялық өндіріс арқылы білім алу» ұстанымын жүзеге асыру; жан-жақты іс-әрекет жасау (білім беру, зерттеу, инновациялық кәсіпорын); PhD докторлары мен магистрлар дайындауды арттыру; ғылымның, жоғары технология мен экономикадағы инновациялық сектордың басым жағына қарай бағыттану; кешенді қаржыландыру; технопарктерде, старт-ап компанияларда, конструкторлық бюроларда, инновациялық кәсіпорындарда алынған жаңа ғылыми жобаларды коммерцияландыру негізінде шағын және орта бизнес құру; ерекше дамыған ғылыми-білім инфрақұрылымын қалыптастыру. Осы міндеттерді іске асыру экономикада ғылыми нәтижелерге сұраныс тудырады, сөйтіп ғылым мен өндіріс орындары арасында маңызды байланыс орнауына жол ашады.
    Қазіргі таңдағы біздің мақсатымыз – 2020 жылға қарай магис­тратура мен докторантура құрамындағы студенттер санын көбейте және ғылыми нәтижелерді іске асыра отырып, Орталық Азиядағы үздік техникалық жоғары оқу орны атану. Біздің ең басты байлығымыз – біздің студенттеріміз. Түлектері КСРО-ның екі дүркін Батыры (Т.Бигельдинов), Кеңестер Одағының Батыры (6), Халық қаһарманы (А.Куленов), Қазақстанның Еңбек Ері (Б.Шаяхметов) және Социалистік Еңбек Ері (6) атанған біздің университеттен басқа бірде-бір жоғары оқу орны Қазақстанда жоқ. Біздің түлектеріміз қазіргі кезде де Отанымыздың қарыштап дамуы жолында әртүрлі салада қажырлы еңбек етіп келеді. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру жолында политехшілер алдыңғы қатардан көрінуде.
    – Мемлекет басшысы еліміздің жаңа даму дәуі­ріндегі міндеттерін айқындап берген «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыруда жоғары білім саласына жүктелер міндет үлкен де маңызды. Осы тұрғыда Ұлт жоспарының ІІІ тарауында қозғалған мәселелер, нақты айтқанда 77 және 79 қадамдар бойынша университетте атқарылар жұмыстар туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз.
    – ҚазҰТЗУ стратегиясында Ресей, АҚШ, Батыс Еуропа елдеріндегі ғылыми университеттердің дүниежүзілік даму тәжірибесі ескерілген. Қазақстанда техникалық білім берудің басты флагманы ретінде біздің жоғары оқу орны халықаралық деңгейде танымал ғылыми орталыққа айналары сөзсіз. Әрине, Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанған еліміз экономикасының бар саласында да біздің түлектерге сұраныс көп болатыны айқын. Міне, осы мәселені Қазақ ұлттық техникалық зерттеулер университеті қабырғасында іске асыру жоғары оқу орнының тарихи рөлімен және оның Қазақстанның экономикалық секторында техникалық білім беру, ғылымды дамыту жолымен тығыз байланысты.
    Сондықтан да Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың ең басты міндеті – техника мен технология, ғылым саласында жоғары білім рөлін күшейту, жоғары дәрежелі кәсіби мамандардың жаңа ұрпағын дайындау болып табылады. Ал бұл міндет Ұлт жоспарының 76-қадамына – «адам капиталының сапасын арттыру» жоспарына толығымен сәйкес келеді. Университет миссиясы елде жоғары технологиялар қалыптастыруға, ғылыми жұмыс нәтижелерін коммерцияландырып, шағын және орта бизнесті ғылыми түрде қамтамасыз етуге, қазіргі заманғы білім беру стандарттары мен ғылыми-әдістемелік базаларды көбейтіп, оларды мақұлдауға бағытталған.
    Қазір университетте жоғары деңгейлі кәсіби мамандар дайындаудың бірнеше деңгейлі жүйесін іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл – білім алушылардың құзыретін ғылыми қыз­меті арқылы дамыту, ағылшын тілінде білім беру, сондай-ақ кәсіби-бағытталған тәжірибелерін өсіру (79-қадамға сәйкес – ағылшын тілінде білім беруге біртіндеп көшу және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру) болып табылады.
    Ұлттық даму жоспарының 77-қадамын – «эконо­миканың алты негізгі саласына жоғары деңгейлі кәсіби мамандарды дайындау» мәселесін іске асыру мақсатында мамандарды білім беру бағдарламалары бойынша дайындау бағыты қарастырылған, атап айтқанда: машина жасау саласындағы инновациялық технологиялар мен құрал-жабдықтар, мұнай химиясы және мұнай өңдеу, өндірістік үдерістерді автоматтандыру, технологиялық машиналар және құрал-жабдықтар.
    – Елдегі қаржылық жағдай қазір күрделі. Оқыту­шылар мен ғылыми қызметкерлер жалақысының орташа деңгейі, ынталандыру төлемдері және шә­кіртақы жайлы айтып өтсеңіз. Жалпы, жоғары иә ең жоғары жалақыға ие болу үшін оқытушыға қойылар талап қандай?
    – Корпоративті даму бөлімі қол жеткізген өндірісті оңтайландыру мен активтерді басқаруды жақсарту жұмыстары бізге 5-сатылы еңбекақы жүйесіне көшуге мүмкіндік берді. Жаңа жүйе бойынша жоғары лауазым иелеріне, сәйкесінше еңбекақы да жоғары деңгейде төленеді, яғни 1-саты бойынша еңбекақы алатын профессордың айлық жалақысы 1-саты бойынша еңбекақы алатын қауымдастырылған профессордың айлық жалақысынан жоғары, ал 2-саты бойынша еңбекақы алатын қауымдастырылған профессордың айлық жалақысынан төмендеу болады. Ал енді еңбекақының 2-сатысына қалайша өтуге болады десеңіз – ол тек арнайы ұйымдастырылған байқаудың негізінде, үшжылдық келісім-шартқа отыру арқылы ғана іске асырылады.
    Нәтижесінде, жылдық қорытынды бойынша профессорлық-оқытушылық құрамның орташа еңбекақысы 23 пайызға өсті, яғни абсолюттік мөл­шермен айтқанда өсім 70 пайызды құрады. Еңбекақының жаңа жүйесі негізінде біз енді қатал талап қоя аламыз және оқу орнында түрлі коррупциялық оқиғалардың орын алуына жол бермейміз.
    – Түлектердің университет қабырғасында алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қалай? Нақты осы жағдайды зерттеумен айналысатын жүйе бар ма? Бар болса, оның нәтижелеріне сәйкес, соңғы бір-екі жылдағы университет бітірушілердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуының орташа пайыздық көрсеткіші туралы не айтар едіңіз?
    – Университетке әртүрлі өндіріс орындары мен кәсіпорындардан қажетті мамандықтарға сұра­ныс-талап түрінде хаттар келіп жатады. Соның нәтижесінде біз еңбек нарығындағы мамандықтар сұранысына сай зерттеу жүргізіп отырамыз. Бұл мәселе өз кезегінде оқу орнының саясатын өзгертуге де мүмкіндік береді.
    Ал түлектердің кәсіби деңгейін жұмыс беруші­лермен кері байланыс орнату арқылы өздері оқыған кафедралары қадағалайды, яғни оқытушылар студенттермен бірге өндірістік практикаға барады. Жоғары деңгейлі кәсіби мамандарды даярлауға ба­қылау жүргізу мақсатында өндіріс орындарынан университет атына жыл сайын түлектердің кәсіби сапасын бағалайтын мінездеме-пікір түсіп тұрады. Мұны зерттеумен университеттің кафедралары шұғылданады. Жұмыс берушілердің күшімен, яғни солардың ақысына оқитын студенттер саны 2016 жылы 124 адамды құрады.
    Егер де білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға атсалысатын іскерлік қарым-қатынастағы кәсіпорындарды атайтын болсақ, олардың қатарында республиканың алдыңғы қатарлы ірі-ірі өндіріс орындары бар. Атап айтқанда, «Қазақмыс», «Қазмырыш», «Арселор Миттал Теміртау», «Қазақстан алю­миниі», «ҚазМұнайГаз» БӨ», «ҚазТрансГаз», «Қаз­ТрансОйл», «МаңғыстауМұнайГаз» компаниялары, «Қазақстан Ғарыш Сапары» және «Қазақстан ин­жиринг» ұлттық компаниялары, Атырау мұнай өңдеу, Петропавл ауыр машина жасау, Алматы ауыр машина жасау, Локомотив құрастыру, Кентау трансформатор зауыттары және т.б. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келісім-шартқа қол қойылған барлығы 400 кәсіпорын бар. Олардың әрқайсысында 70-тен астам мамандық бойынша сұраныс туындап отырады. Бұл көрсеткіш – біздің түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі зор екендігінің бір дәлелі. Сондай-ақ бір жағынан, оқу орнының магистрлерді жұмысқа орналастыру жөнінен орасан зор жұмыс жүргізетінін, екінші жағынан, экономиканың барлық саласында біздің мамандарға сұраныс бар екендігін көрсетеді.
    Мамандарды таңдауда өл­келік сұраныстар, студенттердің практика өткен кәсіпорындары және кейіннен олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ескеріледі. Пайыздық мөл­шермен айтқанда, 70% грант бойынша оқитын бакалавр түлектері, 85% PhD докторантура түлектері оқу бітірген бірінші жылы-ақ жұмысқа орналасқан.
    Осылайша, Университет қазіргі таңда студенттер­ді таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуге дайындаумен қатар, арнайы орталықтардан олардың кәсіби деңгейін анықтайтын куәлік (сертификат) алуға да мүмкіндік жасайды. Қорыта айтқанда, «Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ» АҚ-ның университет түлектерінің кәсіби деңгейін бағалауға арналған жүйеге қатысу үшін қажетті мүмкіндіктерінің бәрі бар. Онда түлектер өздерінің білімі мен алған тәжірибесін және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетін айқын көрсете алады.
    – Әңгімеңізге рахмет, еліміздің ертеңі – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын дейміз.

Алматы қ, 02.12.2016, Экономика № 49 (483), economics.kazgazeta.kz/?p=18779
Сұхбатты жүргізген Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Болашақ