Қазақстан сәулетшілерінің ең таңдаулы туындыларының байқауы

    Ағымдағы жылы 9 желтоқсанда Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Қазақстан Сәулетшілер одағының 80 жылдығына, Қазақстанда сәулеттік білім беру саласының 55 жылдығына және Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ұйымдастырылған «Сәулеттік шығармалардың республикалық байқауы» болып өтті.
    Бұл байқаудың басты мақсаты – Қазақстан сәулет-құрылыс саласында ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген үздіктерді қалың елге таныстырып, Халықаралық Сәулетшілер одағының 2017 жылы Сеул қаласында (Корея) өтетін XXVI конгресіне қатысу үшін сәулетшілердің ең таңдаулы туындыларын анықтау.
    Байқауға ҚР Сәулетшілер одағының және Халықаралық Сәулетшілер академиясының, «KAZGOR» жобалау академиясының мүшелері, Қазақстан қалалары мен облыстық құрылыс және сәулет басқармасының өкілдері, жобалау-құрылыс фирмалары, құрылыс компаниялар өкілдері, бюролар, шығармашылық ұжымдар және тәуелсіз сәулетшілер қатысты.
    Мерекелік іс-шара барысында Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Ректоры Ескендір Бейсембетов сөз алып, байқауға қатысушыларды құттықтады:
     – Құрметті Республикалық байқауға қатысушылар, құрметті қонақтар! Осыдан 55 жыл бұрын қазақ сәулетшілер мектебінің негізін қалаушы, алғашқы қазақ архитекторы Төлеу Бәсеновтің қолдауымен Университет қабырғасында сәулетшілер дайындау басталған болатын. Сіздер сол Университетке қош келдіңіздер! Сол кездің алғашқы түлектері – бүгінгі біздің құрметті қонақтарымыз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі мен Қазақстан Сәулетшілер одағының 80 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келгеніне біз өте қуаныштымыз!
    Сәулет саласында ұлттық кадрларды дайындау үдерісіне отандық Сәулетшілер одағының қосқан үлесі өте зор. Оның айнасы, нәтижесі – әсем Астана қаласының бет-бейнесінен, көркінен көрініп тұр. Сіздерге шығармашылық табыс, байқауда сәттілік тілеймін!
    Одан кейін ҚазҰТЗУ-дың Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев өз сөзінде былай деді:
    – Бұл үлкен маңызды шараны атап өту үшін тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан, Ресей елдерінің сәулетшілері де келіп отыр. Жаңадан қанат қағып келе жатқан жас сәулетшілер үшін бұл байқау – үлкен мектеп, үлгі-өнеге болмақ. Олар біздің жалғасымыз, Қазақстан архитектурасының келешегі – солардың қолында. Ал жастар біздің шығармашылық іскерлігімізді дұрыс түсініп, оны жоғары бағалайтындығына, әрі одан әрі дамытатынына, сөйтіп Қазақстан архитектурасын жаңа белестерге шығаратындығына мен кәміл сенемін!
    Сәулетшілердің Республикалық байқауының қорытындысы бойынша, Қазақстанның 10 қаласынан оған қойылған 182 шығармашылық туындының ішінде 70 туынды марапатқа лайықты деп табылды. Сол сияқты өткен 2015–2016 оқу жылын Сәулет-құрылыс инженері мамандығы бойынша тамамдаған Қазақстанның 8 қаласы түлектерінің 8 үздік дипломдық жұмыстары арнайы марапатқа ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ҚБД

Болашақ