Алматыда отандық электроавтобустар және электрлік қуаттандыру орындарымен таныстырды

«Мен Қазақстандықтар түгелімен электромобиль мініп жүрсе екен деп армандаймын... Әсіресе Алматы мен Өскемен секілді ауасы ластанған қалаларды электромобильге ауыстырсақ, біз экологиямызды бірнеше есеге тазалаймыз
    Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев

    Алматы қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихат өкілдері, Кәсіпкерліктің аймақтық кеңесінің өкілдері алматылық «Хайгер Квазар» («HigerQuazar») компаниясының жаңадан ашылған өндіріс орнында болып қайтты. Мұнда келушілерді алғаш рет отандық электромобильдер және электрлік қуаттандыру орындарымен таныстыру шарасы өтті.
    Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов, Жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Адилов, «Алматыэлектротранс» ЖШС-і басқармасының төрағасы Ризван Цинаев, «Green BusCompany» ЖШС-нің акционері Рысбек Ертаев «Хайгер Квазар» компаниясының жаңадан ашылған өндіріс орнын аралап шықты.
    «Хайгер Квазар» компаниясы – Қазақстанда қазіргі заманға сай электрлік қоғамдық көлік шығаратын тұңғыш өндіріс ошағы. Компанияны Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің «Парасат» ғылыми-техникалық орталығы мен қытайлық «Higer» компаниясы бірлесе отырып құрған болатын.
    Бұл жерде қонақтар құрастыру және сынақ жолдарымен, электроавтобуспен және электрлік қуаттандыру (зарядтау) станцияларымен танысты. Электроавтобустардың бәрі де сынақтан сүрінбей өтіп, оларға Евразиялық экономикалық қауымдастық және Европалық одақ көлемінде қолдану үшін рұқсат етілген тиісті куәліктер тапсырылды.
    Өндіріс орнында Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің Қытайда машина жасау мамандығы бойынша тәжірибеден өтіп келген түлектері жұмыс істейтін болады. Қонақтармен кездесу барысында олар осындай жоғары технологиялы өндіріс орнында жұмыс істегілері келетінін де білдірді.
    Жалпы, дүние жүзі бойынша электр көлігінің 2 млн данасы қолданылады екен. 2017 жылы АҚШ-та мемлекет қолдауымен «General Motors» компаниясы 30 000-нан астам электромобиль шығаратын болды. Қытай электр көлігі құнының 50% шығынын үкіметі өзі өтейді, оның ішінде 30%-ын – муниципальды өкімет орындары, ал қалған 20%-ы – мемлекеттік бағдарламалар бойынша төленеді. Ал Германияда 2016 жылдан бастап әрбір электромобиль сатып алушыға үкімет тарапынан 4000 евро сыйақы беріледі. Нидерландыда электромобиль мен соған ұқсас көліктер парктері санын 2020 жылға дейін 200 мыңға жеткізу туралы жалпыұлттық бағдарлама іске қосылған. Ал Норвегияда электр көліктерін тегін қуаттау (зарядтау) орындарының жүйесі жұмыс істейді, соның нәтижесінде 2014 жылдан бері сатып алынған әрбір үшінші автокөлік электр қуатын қолдану арқылы жүреді.
    Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына кіру жолдарын айқындап берген-ді. Соның бірі – «қоғамдық көліктерді экологиялық жағынан таза отын түрлеріне көшіру үшін жағдай жасау, электромобильдерді іске қосу және солар үшін тиісті инфрақұрылым орнату» болатын.
    Оңтүстік астана – Қазақстанның ең ірі мегаполистерінің бірі, мұнда 2,5 млн-нан астам тұрғындар мен қала қонақтары тұрады. Алматы қаласының инвестициялық климатын жақсарту және қалаға инвесторлар тарту жөніндегі кеңестің 7 желтоқсанда өткен отырысында қала әкімі Бауыржан Байбек «...қала көлігін біртіндеп электр қуатына ауыстырғысы келетінін» атап өтті.

ҚБД

Болашақ