Тәуелсіздігімізге – 25 жыл!

    Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы – ел өміріндегі маңызды оқиға. Осынау ұлы мерекені Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлтық Техникалық Зертеу Университетінің Әскери кафедра ұжымы да айтулы табыстармен қарсы алып отыр.
    13 желтоқсанда Әскери кафедрада осы мерекеге арналған үлкен жиын болып өтті. Оған кафедра басшылығы, оқытушы офицерлер мен қызметкерлер, кафедрада оқитын студенттер қатысты. Кафедраның Акт залы әскери киім киген студент жігіттер мен қыздарға лық толы. Әскери офицерлер нық-нық сөйлейді. Осыдан-ақ мұнда тәртіптің жақсы жолға қойылғанын айқын аңғарасың.
    Белгіленген уақытта Акт залына Университет Ректоры аппаратының жетекшісі Б.Х.Мықтыбаев, Әскери кафедра бастығы, полковник Т.Т.Сағымбеков, университетіміздің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Р.М.Искаков кіріп келген кезде Әскери кафедра бастығының орынбасары, полковник М.А.Бралинов үйреншікті әскери тәртіппен қаз тұрып, қарсы алып, мерекеге жиылған ұжымның әзір екені туралы рапорт берді.
    Бұдан кейін басшылық төралқадан орын алған соң, барша жұрт орындарынан тік тұрып, Қазақстанның Әнұранын шырқады. Сондай сәтте Қазақстан сияқты Тәуелсіз елдің азаматы болғаны үшін талайының кеудесін мақтаныш сезімі билегенін жүздеріндегі шаттық нұрынан айқын аңғарған едік.
    Полковник М.А.Бралинов алғашқы сөзді проректор Р.М.Искаковқа берді. Ринат Маратұлының құттықтау сөзінен кейін мінберге көтерілген Университет Ректоры аппаратының жетекшісі Берік Хамитұлы Мықтыбаевтың сөзі де жиылғандарды бір серпілтіп тастады. Әскери киім киіп, өмірінің 36 жыл алты айын Отан қорғау шебінде өткізген Берік Хамитұлы Тәуелсіздік мерекесінің құндылығына, жастардың Отанды сүю, патриотизм мәселесіне назар аударды. Кафедра студенттерінің жазғы әскери полигондағы дайындықтарын көргенін айтып, Әскери кафедраның жұмысына жоғары баға берді.
    Аппарат жетекшісі Ректордың бұйрығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай және қызметте жоғары табыстарға жеткені үшін кафедрадағы 42 адамды «Құрмет грамотасымен» қатар, ақшалай сыйлықтармен де марапаттады.
    Әскери кафедра бастығы, полковник Талғат Тұрғанбекұлы Сағымбековтың еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған баяндамасы негізінен патриоттық жоғары рухпен тыңдалды. Кафедра басшылығына келгеніне небәрі бір-екі-ақ жыл болған Талғат Тұрғанбекұлы кафедра жұмысын жандандырып, нақты алға қойған мақсатпен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде биік белестерді бағындырып келеді. Қазақстан Қарулы Күштерінің алдында бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, республика аумағының тұтастығын қорғау міндеті тұр. Бұл жас жауынгерлер үшін асқақ абырой. Антына адал, сертіне берік отан қорғаушылар бүгінде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес әлеуметтік-материалдық жағынан тұрақты қолдауға ие болып келеді.
    Жиын барысында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген басшылығымен өркендеп, дамып, гүлдене түскен туған Отанымызға қатысты деректі фильм көрсетілді.
    Кафедраның басшысы өз тарапынан лайықты еңбектері үшін бірқатар қызметкерлерін марапаттады. Сарт та-сұрт сап түзеп келіп, полковник Талғат Тұрғанбекұлының қолынан марапаттарын алған офицерлер шетінен «Отаныма адал қызмет етемін!» деп жауап беріп, орындарына қайтып жатты.
    Әскери оқытушы, подполковник Қадыр Әліқұлов өзінің құттықтау сөзінің соңын:

Менің елім – Қазақстан,
Қазақ елім сақтаған,
Қазақ ұлты ержүрек,
Мен сенімен мақтанам!
Ұрпақтан – ұрпақ жалғаған,
Тілін, ұлтын сақтаған,
Қазақ елі бірлікшіл,
Намысын жатқа сатпаған.
Мен де мақтан тұтамын,
Елімді жарқын сақтаған.
Елбасына мың тағзым,
Жағдайымды жасаған, –

деген өлең жолдарымен аяқтауы – елім деп соққан әрбір жүрекке нәр берді, өңімізге әр берді!

 

ӘДИ

Болашақ