МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСТА ОТАНДЫҚ КОМПАНИЯЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

    Алматыда «Мемтапсырыс-2017» акциясы шеңберінде кеңейтілген кеңес өтті

    Оңтүстік астанадағы «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аймағында 24 қараша күні өткен кеңеске Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, «Самұ­рық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы Ө.Шүкеев, еліміздің 12 ұлттық компаниясының басшы­лары қатысты. «ҚазМұнайГаз», «Aіr Astana», т.б. ұлттық компаниялармен қатар, мегаполис нарығындағы белсенді 44 іТ-компания кеңес жұмысына қатысты. Кеңесті ашып берген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Мемтапсырыс» іс-шарасының қала экономикасы мен дамуындағы орнына тоқталды.
    – Биыл «Мемтапсырыс» акциясы оныншы рет өткізіліп отыр. Бұл жолы іТ сегментіндегі отандық компаниялардың қолдауына акцент жасалуда. Сол себепті де іс-шара «ИТП» Арнайы экономикалық аймағында өткізілуде. Бүгінде «Инновациялық технологиялар паркінде» 145 компания жұмыс істеп, 95 млрд. теңгенің өнімдерін беріп отыр. «Мемтапсырыс» акциясы Алматы кәсіпорындарына келесі жылға тапсырыс алуға мүмкіндік береді, – деді Б.Байбек.
    Шаһар басшысы кәсіпкерлерді қолдау қала әкімдігінің түйінді ұстанымдарының бірі екендігін, осы бағытта шаһар басшылығы қаржылай, да басқа да ресурстарды белсене пайдаланатынын айтты. Б.Байбектің баяндамасынан белгілі болғандай, 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 70 млрд. теңгенің 276 жобасы қолдау тапқан. Сонымен қатар, «Даму» қорымен бірлестікте екінші жыл қатарынан «Жібек жолы» бағдар­ламасы жүзеге асуда. Осы бағдарлама шеңберінде 100-дей жобаға қолдау көрсетіліп, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бизнестің туризм, азық-түлік өндірісі, инновация салалары бойынша жекелеген жаңа бағдарламалар жүзеге асты.
    – Алматы «Ақылды қала» концепциясына көшуде, бұған барлық алғышарттар бар. Қалада 38 ЖОО бар. Бұл оқу орындары базасында 10 ғылыми-зерттеу зертханасы, 8 даму институты, 10 ғылыми орталық және 3 технопарк шоғырланған. «Ақылды қала» концепциясы ІDC және ҚБТУ халықаралық компанияларымен бірлесіп жасалып отыр. Дайындалған концепцияны, жобаларды көлік, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, қауіпсіздік, т.б. салаларда жүзеге асыруға компаниялар шақырылатын болады. Бұдан өзге қаладағы өндірістік өнеркәсіпті тұрақтандыру мақса­тында қазақстандық үлесті көбейтіп, өндірістік мекеме­лердің қуатын арттыруда кешенді жоспар жасалған. Осы шаралар нәтижесінде 2016 жылы Алматы өндірісінде қазақ­стандық үлес 2,3 есе көбейіп, 64 пайызды құрады. Қор мен Алматы кәсіпорындары арасында 631 млрд. теңгеге келісім-шарттар жасалды, – деді Б.Байбек.
    Кеңесте сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев Алматы Қазақстан үшін стратегиялық маңызды қала екеніне тоқталды. Сол себепті де жергілікті кәсіпорындарды Қор арқылы тапсырыс орналастырып, қолдау көрсету аса маңызды екенін айтты.
    – Жалпы, Қордың 11 айдағы мемлекеттік тапсыры­сының көлемі – 3,8 трлн. теңге, оның 73 пайызы – отандық үлес-мазмұнда. Бүгінгі таңда Қорда қайта құрылымдау жүргізіліп жатыр. Жаңаша жұмыс жаңа технологиялар мен инновацияларды талап етеді. Сол себепті де Алматыдағы «ИТП» Арнайы экономикалық аймақтағы компа­ниялар­мен жұмыс істеуге деген қызығушылық басым, – Ө.Шүкеев.
    Кеңеске қатысушылар үшін ақпараттық-коммуни­кациялар технологиялар саласындағы 22 компанияның жұмысын таныстырған көрме жасалды. «Мемтепсырыс-2017» акциясы шеңберіндегі кеңейтілген кеңес нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниялары мен алматылық кәсіпорындар арасында 5 млрд. теңгеге ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасалды.

Алматы қ., 28.12.2016, Алматы ақшамы, almaty-akshamy.kz/2016/12/26/%D0%BC%D0%B5%D0%BC%D0%BB%D0%B5%D0%BA%D0%B5%D1%82%D1%82%D1%96%D0%BA-%D1%82%D0%B0%D0%BF%D1%81%D1%8B%D1%80%D1%8B%D1%81%D1%82%D0%B0-%D0%BE%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D1%8B%D2%9B-%D0%BA%D0%BE%D0%BC%D0%BF/
Нұрлан СҮЙІН

Болашақ