Жаңа пән – жаңа міндет

    Қоғамдық пәндер кафедрасының «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы» бөлімі 14.03.2017ж. «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы пәнін жоғары оқу орындарында оқытудың тәжірибелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының тарихшы ғалымдары, қоғамдық пәндер кафедрасының ұстаздары және университетіміздің 1 курс студенттері қатысты.
    Дөңгелек үстелде 2016-2017 оқу жылынан бастап оқытыла бастаған жаңа пәннің алдында тұрған міндеттерді саралау, оқыту сапасын арттырудың жолдарын қарастыру, оқу бағдарламаларын біріздендіру, жастарымыздың осы пәнді оқуға деген ынтасын арттыру, кемшілік тұстары болса түзеу, озық жетістіктер мен бастамалар жөнінде ой бөлісу сынды мәселелер ортаға салынды.
    Дөңгелек үстелдің модераторы қауымдастық профессоры Досалы Салқынбек дөңгелек үстел барысында оқыту сапасын арттыру жөніндегі ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныстарды қорытындылап, осы ұсыныстарды тәжірибеде пайдалану үшін ортақ шешімдерді бір арнаға тоғыстырып, бірлесе, ақылдаса еңбек етуге шақырды. Дөңгелек үстелде қабылданған ортақ шешімдер баспасөз бетінде жарияланатын болды.

ББИ

Болашақ