Студенттер «Шевронның» стипендиясына ие болды

    «Шеврон» компания­сының ұзақ мерзімді бағ­дарламаларының бірі – техникалық мамандықтарға арналған стипендияның тұрақты төленіп келе жатқандығы. Биыл да бұл игі іс өз жалғасын тауып, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде 2016-2017 оқу жылына арналған сти­пендиялық бағдарлама же­ңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті.
    Салтанатты кешке «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлім­шесінің басқарушы директоры­ның орынбасары Нил Мензис, ҚазҰТЗУ ректоры аппараты басшысы Берік Мұқтыбаев және студенттер қауымы қатысты. Биылғы стипендияға ие болу үшін студенттер арасында өткен байқауға Қазақстан-Британ университетінің студенттері де қатысып бақтарын сынады.
    Өз сөзінде Нил Мензис кор­порация қызметі туралы айта келіп, «Шеврон» ком­паниясының әлем университеттерімен серік­тестік бағдарламасына тоқтала кетті.
    – Біз үшін энергия ресурстарын өндіруден компаниямыз Қазақстанда 20 жылдан астам ойдағыдай жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік-инвестициялық бағдарлама­ларымыз әлдеқайда маңызды. Универси­теттермен серіктестігіміздің арқасында біз түлектерді дайындау сапасын арттыра аламыз және біздің жобаларымыздағы техникалық мамандар қажеттілігін толтыра аламыз деп сенеміз, – деді.
    «Шеврон» компаниясының университет­термен серіктестік бағдарламасы бүкіл әлем бойынша дарынды жастарды анықтау, технологиялар мен зерттеулерді қолдану, бизнес мүмкіндіктерін пайдалану ғаламдық бастамасының бір бөлігі болып табылады. Компания әлемнің көптеген елдеріндегі үздік оқу сияқты орындарымен, сонымен қатар АҚШ-тың жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен жақын ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бағдарлама аясында «Шеврон» университеттерге жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге, материалды-техникалық базаны жақсартуға көмектеседі, сонымен қатар үздік студенттерге гранттар мен стипендиялар бөледі.
    Қазақстанда 2007 жылдан бері осы бағдарламаның серіктестігі Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті болып табылады. «Шеврон» ҚазҰТЗУ мен Колорадо инженерлік және қолданбалы ғылым университеті (Colorado School of Mіnes) арасында серіктестік құруға көмектесіп, профессорлық оқытушылық құрам мен студенттер арасында тәжірбие алмасу бағдарламасын жүзеге асырып, ҚазҰТЗУ-дің бірнеше кафедрасы мен институттарын зертханалық және компьютерлік құралдар мен арнайы компьютерлік бағдарламамен жабдық­тады. Компания университеттің әртүрлі шара­ларына, оқытушылары мен студенттерін оқытуға қолдау көрсетті. Сонымен қатар «Шеврон» 2012 жылы SPE Алтын стандартына ие болған және әлемнің ең үздік студенттік бөлімшелерінің бірі болып танылған ҚазҰТЗУ-дағы Халықаралық мұнайшы-инженерлер қауымдасытғының студенттік бөлімшесіне (SPE) қолдау көрсетеді.
    «Шеврон» компаниясы ұзақ уақыттан бері Қазақ-Британ техникалық универси­тетінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көмектесіп, географиялық-ақ­параттық жүйе мен картография зертханасын құруға және жабдықтандыруға, кітап­хананы мұнай және газ саласы, математика, физика және ағылшын тілі бойынша арнайы шетелдік әдебиетпен жабдықтауға қаражат бөліп келеді.
    – Мен ұтып алған стипендия өзімнің жетістіктеріме басқа көзбен қарауға мүмкіндік берді. Олар тек мен үшін ғана емес, елім үшін маңызды екенін түсіндім. «Шеврон» ком­паниясының стипендиясы – бізге артылған сенімнің белгісі, – деп бағдарлама стипен­диаты Әділет Қадыр­ғазы барлық жеңімпаз­дардың алғысын жеткізді.
Керек дерек:
    «Шеврон» компаниясының техникалық мамандықтарға арналған стипендиялық бағдарламасы ҚазҰТЗУ-мен бірге 2007 жылдан бері жүзеге асырылып келеді, осы уақыт аралығында университеттің үздік студенттері 591 стипендияға ие болды. 2016 жылы компания ҚБТУ және ҚазҰТЗУ студенттеріне 30 толық және 30 жартылай стипендия бөлді.

Алматы қ., 03.12.2016, Алматы ақшамы, almaty-akshamy.kz/2016/12/03/%D1%81%D1%82%D1%83%D0%B4%D0%B5%D0%BD%D1%82%D1%82%D0%B5%D1%80-%D1%88%D0%B5%D0%B2%D1%80%D0%BE%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D2%A3-%D1%81%D1%82%D0%B8%D0%BF%D0%B5%D0%BD%D0%B4%D0%B8%D1%8F%D1%81%D1%8B%D0%BD/

Болашақ