Қазақстандық «силикон жазығында»

    «Самұрық-Қазына» мен отандық кәсіпорындар 5 миллиард теңгенің келісіміне қол қойды

    Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында «Мемтапсырыс-2017» форумы аясында кеңес өтті. Осынау жиынға қатысуға отандық тауарлар шығаратын компаниялардың баршасы дерлік мүдделі болатын.
    Алдымен мына бір маңызды мәселеден аттап өтуге болмайды. Бұл акцияның Елбасының идеясымен, елдің орасан қаражатына салынған «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы эко­номикалық аймағында өткі­­зу­дің де өзіндік мәні бар. Қазақстандық «силикон жазы­ғына» жан бітіру үшін, ұлттық компанияларды мұнда тартудың орны айрықша.
    Акция барысында өз кәсіп­орын­дарымыздың келеше­гіне жол ашатын аса маңызды келі­сім­шарттар жасалып қоймай, келе­лі мәселелер ортаға салынды. Отандық компаниялардың жетек­шілері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ бас­қар­ма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке мем­ле­кеттік тапсырыс алу­дың түйткілді мәсе­лелері жайлы тіке­лей сауал тастап, талап-өті­ніш­терін білдірді. Акцияда импорт алмас­тыруда атқарылып жатқан нақты шаралар легі көрінді.
    Сондай-ақ, жергілікті компа­ния­­ларды қолдауға тікелей бағыт­тал­ған жиынға еліміздің ірі 12 ұлт­тық компаниясы мен «Air Astana», «ҚазМұнайГаз» басшылары мен мегаполис нарығында қарқынды жұмыс істейтін 44 IT-компаниялардың өкіл­дері қатыс­ты.
    Алматы қаласының әкімі «Мем­тап­сырыс» акциясы биыл оныншы рет өтіп отырғанын атай келе:
    – Отандық IT-компанияларға қол­дау көрсету мақсатында жұмыс­тар жүруде. Сондықтан, бұл жиын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық айма­ғында өтуде. Паркте 145 компания жұмыс істейді, олар 95 млрд теңгенің өнімдерін өндірді. Акция алматылық кәсіпорындарға келер жылға тапсырыс алуға толық мүмкіндік береді, – деді.
    Ел экономикасының басты доноры болып саналатын Алматыда кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде аз жұмыс жасалынып жатқан жоқ. Әрі бұл қала әкімдігінің басты міндет­терінің бірі болғандықтан, оны жүзе­ге асы­руда қаржылық және қар­жы­­л­ық емес тетіктерін ұтым­ды пай­далануда ұмтылыстар жо­ға­ры. Мы­салы, қала әкімінің мә­лім­­деуінше, биылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы бойынша 276 жо­баға 70 млрд теңге бөлінген. Соны­мен қатар, «Даму» қорымен бірге биыл екінші жыл «Жібек жолы» бағдарламасы жүзеге асу­да. Нәтижесінде 100-ге жуық жоба қол­дау тауып, мыңдаған жұ­мыс орны ашыл­ды. Туризм, инно­вация және тамақ өнеркәсібі са­ла­ларында жаңа бағдарламалар өмір­ге келді.
    «Алматы «Ақылды қала» тұ­жы­­рымдамасына қарай бағыт алуда және ол үшін бізде барлық мүм­кіндіктер бар. Қалада 38 ЖОО шо­ғыр­ланған, бұлардың базасында 10 ғылыми-зерттеу зертхана, 8 даму институты, 10 ғылыми орталық пен 3 технопарк құрылған. Тұжырымдама халықаралық IDC компаниясы мен ҚБТУ арқылы жасалуда. Мұнан кейін транспорт, ТКШ, қауіпсіздік және басқалары бойынша жобаларды жүзеге асыратындар іске кіріседі. Бұдан өзге, өндіріс саласында тұрақ­тылықты қамтамасыз ету үшін қазақ­стан­дық үлесті қамтамасыз ететін Ке­шен­ді жоспар да қолға алын­ған. Нәтижесінде 2016 жылы Алматы­да қазақстандық үлес 2,3 есе артып, 64%-ды құрады. Қор мен қала кәсіпорындары арасында 631 млрд теңгенің келісімі жасалды», – деді Бауыржан Байбек.
    Сонымен, акция барысында алдымен «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қар­ма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Алматының еліміздің экономикалық стратегиясында мәні бар қала екенін атап өтіп әрі қор тапсырыстарын жергілікті кәсіпорындарды қолдау арқылы жүзе­ге асыру маңызды екенін жет­кізді.
    «Жалпы, биылғы жылдың 11 айының ішінде қордың сатып алу көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті, оның 73 пайызы – отандық үлес болды. Қазір қорда жаңа технологиялар мен инновацияны қажет ететін өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан, арнайы экономикалық аймақта жұ­мыс істейтін ком­па­ния­ларға ерекше назар ауда­ры­луда. Мысалы, биз­нес-үдері­с­терін өзгерту арқылы жер үсті инфрақұрылымдарын оңтай­лан­дырып, мұнай өндіруді 30 пайызға арттыруға болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.
    Акция барысында бізді қуант­қаны – ақпараттық-комму­ни­кациялық технологиялар сала­сында қазақстандық 22 компа­нияның жүзеге асырған нақты жобаларына қатысты көрме ұйым­дастырылды. Импорттық тауарлардан сапасы бір мысқал да кем емес технологиялар өзгеле­рдің өнімдерін ығыстыруға әлеуеті жетіп тұр. Тек бәсекеге төтеп беруі үшін жергілікті билік пен «Самұрық-Қазына» сияқты қор­лар­дың демеуі аса қажет екен­дігі айтпаса да түсінікті.
    Мәселен, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас дирек­торының орынбасары Мұхит Мағажанов бүгінгі компания мем­лекеттік сатып алу жұмыс­тарында ашықтық деңгейін артты­руға күш жұмсап жатқанын атады.
    – Біз кәсіпкерлер үшін неғұр­лым қолайлы жағдай жа­сау­ға ты­ры­судамыз. Менің ойымша тек әділ бәсекелестік болған кезде ғана сатып алынатын тауар­лар­дың, жұмыс­тардың және қыз­мет­тердің жоғары сапалы болуына қол жеткізуге болады. Қазіргі таң­да біліктілік алдындағы іріктеу механизмін, сатып алуды санаттау жүйесін енгізіп жатырмыз, ұзақ мерзімді келісімшарттау институтын жүргізудеміз. Қордың Директорлар кеңесі бекітетін сатып алу қағидаларына барлық өзгеріс­терді кәсіпкерлермен тал­қы­лағаннан кейін енгіземіз. Біз үшін бизнестің пікірі маңызды, – дейді Мұхит Мағажанов.
    Ал енді «Инновациялық тех­­н­ологиялар паркі» арнайы эко­номикалық аймағының екінші кезе­ңінде жаңа нысандар бой көтерген. Бұлар – «KBTU Drilling Centre» мен «Қазақ теңіз академиясы» сынды оқу орын­да­ры­ның оқу-жаттығу және заманауи орталықтары. Бұлардың бар­лығы жоғары технологиялық қон­дырғылармен жабдықталған. Мұндай қондырғылар бұрын АҚШ, Италия, Норвегияда қолда­ны­лып келген.
    «Қазақ теңіз академиясы» орта­лығының ТМД елдерінде бала­масы мүлде жоқ. Бұрын Қазақ те­ңіз академиясының кадет­тері тә­жі­­ри­бе­лік машық жинау үшін Роттер­дам қала­сына бару­ға мәжбүр бол­ған. Олар енді Алматы­ның өзінде шебер­ліктерін шың­дауда. Осылайша Теңіз ака­демиясының аясын кеңейту мамандар қатарын 2 есе ұлғай­тады. Ал 2025 жылы кемелер қазақстандық кадр­лармен толық қамтамасыз еті­леді деп күтілуде.
    Сол сияқты мембраналы тех­нологияларға бейімделген «IFTC» ЖШС-нің инновациялық технология­лары аса көкейкесті. Азамат­­тық және әскери әуе күш­тері кадрларын да­йындауда бұл ком­­панияның ақ­тарды бас­қару­дың виртуалды оқу әдіс­темелері замана үдерістеріне то­лық сәйкес келеді.
    Қорыта айтқанда, акция барысында «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес ком­паниялары мен алматылық кәсіп­орын­дар арасында бірігіп жұмыс істеуге қатысты келісімдерге қол қойылды. Бұл маңызды құжаттар құны 5 млрд теңгені құрайды.

Алматы қ., 28.12.2016, Егемен Қазақстан, egemen.kz/2016/12/28/87367
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Болашақ